Ұлытаудың ұлы атануы тауының биіктігінен емес, суының көптігінен емес, тарихтың үлкен оқиғаларында бүкіл ұлы қауымның бас қосқан, ортақ шешімге келген жері болғандықтан Ұлытау атанған...

                                                                                                                                        Әбіш Кекілбайұлы

 

1 2 3 4 5 6

 

Жер жүзіндегі қай халықтың болмасын қадір тұтып, қасиет санайтын киелі мекені болары анық. Сондай қойнауы казына, тасына тарих тұнған жер қазақ халқында да бар. Ол Кешегі көшпенді қазақтың көшесіз астанасы атанған, жерінің асты алтын, үсті ырысты өңір — Ұлытау екені баршаға аян. Содан да болар? Ұлытау десе елең етпейтін қазақ жоқ. Ұлытау есімі естілсе әр қазақтың бойындағы қаны ойнап, жүрегін бір мақтаныш сезім кернейді. Солай болуы занды да. Неге десеңіз қазақ деген халықтың ұлт болып, ел болып қалыптасуы, мемлекет болып аталуы дәл осы Ұлытау атымен тығыз байланысты. Исі қазақ үшін Ұлытау ерліктің, елдіктің туын тіккен, тасына ғасырлар тарихы тұнған, бірлік пен бәтуаның мерейлі мекені болып табылады. Бұл өмірдің де, тарихтың да таразысына салынып, небір ғұламалар айтып, дәлелдеп кеткен шындық екені даусыз. Солай болған, солай болып келеді де. Әйтпесе, түп-түрқы шап-шағын арқа төсіндегі осы бір тауға аспанмен таласқан ақбасты Алатауы, қойнауы қазыналы Қаратауы, көрікті кербез Көкшетауы, әсем Алтай таулары бар қазекем ұлы деген есімді жайдан-жай Ұлытауға бере салмаса керек. Өзінің бітім болмысымен басқа тауларға ұқсамас өзгешелігімен дараланған әр тасы тарихтан тіл тартып, шежіреден сый шерткен шымыр таудың тұрқы да, түлғасы өзге тауларға ұқсамайтын ғажайып қасиетімен ұлылықты үнсіз ұғындырып, еріксіз мойындатып тұрғандай.

Өн бойына қарапайымдылық пен қайырымдылықты қастер тұтқан таудың тарихына зер салсақ бүгінгі қазақ деген еркін елдің тұтас тарихына үңілгендей болып, өткені мен бүгінгісін танып білгендей боласыз. Адамзат тарихының атасы атанған Геродоттьң жазбаларында Скиф таулары деген атпен енген Ұлытау тауының аталуы да тегіннен тегін емес. Демек, Ұлытау аты сонау тылсым замандағы тілсіз тарихпен тілдесе отырып бірге аталып, әлемдегі тіршілік тамыр жайғаннан бері бірге жасасып келе жатқанын көреміз. Ал бұл сөзіміз жалаң болмас үшін тарих атасының жазбаларына үңілейік.

...Жер бетін түгел бағындырмақ болған Кир патшасы теңізден өтіп далаға жол тартты. Сол кезде осы сары даланы мекен еткен скифтердің ер жүрек те батыр қызы Томирис көшпенділердің қалың қолын бастап, әрі басқыншыларға қарсы шықты. Ақыры шетсіз де шексіз құм белдеулеріне дендей енген Кирдің құмырсқадай қаптаған қалың қолы шөл қүрсауында қалды. Осы сәтте Томиристің (Тұмар қыз деп аталады) соңына ерген дала ерлері Кирдің жеңіліс көрмеген қуатты әскерін тас-талқан етті. Тарих жазбаларынан орын алған осы шайқастың өткен жері қазіргі Арал мен Арқаның ортасындағы қалың құмды өлке екенін бүгінгі галымдарымыз да дәлелдеп беріп отыр. Демек Кир жорығы Сыр  мен Ұлытау арасындагы кең жазықта өтті деуте толық негіз бар. Ендеше сол жорыққа тікелей қатысып, оны қағаздап хатқа түсірген тарихтың атасы Геродоттьң Скиф таулары деген тауы осы біздің айтып отырған Ұлытауымыз екеніне еш дау тумаса керек. Себеп, Кирдің бірнеше жүз мындаған әскерінің соңы Сырдың сыртқы құмына шыққанда, шоғырдың бір шеті Арқа өтуі занды да. Олай дейтініміз екі жақтан беттескен қалың әскері бас аяғы жүз елу, екі жүз елу шақырым жерге сол кезде ұбап-шұбап сыя қоюының өзі оңай емес. Ал Арқаның кең төсінде сол кезде де, қазір де Ұльтаудан басқа белгі етер, бетке үстар таудың жотын еске алсақ, Скиф таулары   деген атты алған тауымыз бүгінгі теңіз деңгейінен 1134 метр биіктікке орналасқан Ұлытау екені өз-өзінен-ақ белгілі. Сөйтіп алғашында тарихқа Скиф тауы деген атпен енген Ұлытаудың етегінде қазақтың сонау түп тамырына тіке тартар тура жол жатыр. Ал скиф көшпенділері (X-VIII г. б. э. д.) мал шаруашылығымен қоса сол кездің өзінде-ақ мыс қорьггуды үйреніп, тарихта түнғыш металлургияны меңгергенін сол Геродоттьң жазбаларында ашық та айқын айтылған. Оған Жезқазған маңындағы мыс кендерін қорытқан ескі пештердің қалдықтары да дәлел бола алады. Бұл туралы кезінде академик Қ. И. Сәтбаев: "Адамзаттың алғашқы мыс өндірген жері —  Жезқазган-Ұлытау өңірі", — деп жазып кетуі де негіз болады.

Әрине, бір кездері ауыздан ауызға аңыз болып айтылып жеткен шындықтың өзі кейін де ескіленіп, көмескіленіп естен кетуі де мүмкін. Осындайдан да болар Ұлытауға байланысты небір құнды-құнды әңгімелер мен аңыздар кешегі кеңестік саясатқа қайшы келгендіктен болар айтылмай, елеусіз қалып келді. Содан барып қасиетті таудың тарихтан алар орны да көмескіленген. Әйтпесе, ен далада өмір кешкен, небір азуын айға білеген айбарлы хандар, бектер мен билер қандай да бір келелі әңгіме, кесікті пікір, бетуалы билікке жүгінер сәтте алланың нұр сәулесі түскен Ұлытау — Ұлы тауға келіп бас қосуы, тауға тәуеп етіп, топырағына мандайын тигізуі, Ұлытаудың қасиетіне бас иіп ұлылыққа тағзым еткендіктен болар. Шынында да тарихи деректерге жүгінсек қаншама хан қазақ топырағында ел билесе, соншамасы Ұлытауға келмей толық билікке жеттім деп есептемеген. Сондағысы, әрине, жер бетінен тау таба алмағандықтан емес, алдындағы аңыздардағы айтқанымыздай алланың нұр шапағаты шашыраған таудан шын мәнінде де ұлылықты, пәктік пен тазалықты, адалдықты, бірлікті, бәтуәні көре білулерінде жатса керек. Сонау ықылым замандағы Зәрдештің Алламен жүздескен тауының түбіне хан мен бектердің, қасиеттілердің келуі, маңайына жетіп, топырағынан мәңгілік мекен табуы, ханға да, қараға да арман болғандай. Тарих деректеріне қарап отырсақ, осы Ұлытау төңірегінде, ел билеген хандардың үзеңгісін шіреп, ауыздығын қарс шайнаған тұлпарлардың тұяғы тиген, қол бастаған, батырларың сөз бастаған шешендердің  тарихи орындары толып жатыр.

Әлмисақтан бері "Алты алаштың баласының басын қосқам Алашахан дегенді халық аңызы айтады. Ал Алашаханның тарихы 840-шы жылы өзінің тәуелсіз феодалдык мемлекетін қимақтардың негізін құрған қыпшақ-қимақ тайпаларының қосылуымен Алаш мемлекеті болып жарияланып, ханының Алаша деп аталғанын араб тарихшыларының: "Қимақ патшасы — ұлы тайпалардың біреуі және өзінің парасаттылығымен ерекшеленеді" деп жазып кеткеніндей түрік дүниесінің әлемде тұңғыш ту көтерген кезеңінен бізді хабардар етеді. Ал осы Қыпшақ — Қимақ тайпасының негізіндегі Алаш мемлекетінің сондағы ту тіккен ордасы — Ұлытау болғанына ешкім де дау айта алмайды. Алаш мемлекетінің ханы Алаша таққа отырған алғашқы күннен бастап-ақ Алланың нұры мен Ұлытауға арқа сүйеп, топырағына табан тіреуді алдына ұлы мақсат етіп, атының басын Ұлытауға бұрып, осы жерге келіп қосын тігеді. Бұл да болса біздің алдындағы естіген аңыздарымыздың түбінде шындық барын тағы да тірілте түскен-дсй. Тарихты таразылап бүгінгіге жол сілтеген түркіменнің шежірешісі Әбілғазы өзінің жазбаларында: "Ұлытау мен Кішітауды Алашахан, оның немересі Қарахан жайлаған" — деп жазып кетуі де тегін болмас. Әбілғазының шежіресіне сүйенсек Алаша мен Қараханның кезеңі Х-ХІІ ғасырларды қамтиды. Олай болса Ұлытаудың етегіндегі Қаракенгір, Сарыкенгір өзендерінің бойындағы Алашаханның мавзолей-мазары бүгінгі тарихшылар айтып жүрген сол кезеңге тура сәйкес келіп тұр. Ендеше Тұранның басын қосып тұтас ел деңгейіне көтерген, оның тұңғыш ханы Алашаханның Ұлытау топырағында жатуы да одан кейінгі ел билеген хандарға Ұлытаудың қадір-қасиетін бұрынғыдан да асырып, айбарландырып Ұлытауға барып, таудан бата алған ханның ісі оң, саясаты айқын, арманы сөзсіз жүзеге асады деген үлкен ұғымды берік, нық орнықтыра түскендей. Оған дәлел дүниені дүр сілкіндірген, атьның тұяғы тимеген жер қалмаған Шыңғысхан мен оның баласы Жошыдан, кейін олардың ұрпақтары Батудан бастап қазақтың XIX ғасырдағы ең соңғы ханы Кенесарыға дейін, барлық қазақ хандары 700 жылға жуық осы Алашахан мазарының маңында үш жүздің өкілдерінің қатысуымен "Хан ордасы" деген жерде хандық дәрежеге — ақ кигізге көтеріліп барып, сайланып отырған. Бір ғажабы, дәл осы "Хан ордасы" әңгімеміздің басында айтқан Айбас жазығындағы айдаһарлы үңгір жақ беткейінде болуы. Таңқаларлығы сол, хан ордасы Ұлытаудың батыс бөлігінде болса, Алашаханның мазары таудың шығыс жағънда жатыр. Оның бұлай болу себебі хандардың билікке отырар орынды алғашқы аңыздағыдай тауға, Алланың нұры тиген, Зәрдешпен жүздескен жағынан белгілеуі қисынды көңілге қондырғандай, әрі-беріден соң дәл сол киелі, аруақты жер деп хандар тандаған жердің қазақ жерінің нақ кіндігі екені де белгілі болып отыр. Қазақ жерінің  оңы мен солынан, шығысы мен батысынан бір мезетте шыққан адам дәл осы Ұлытауға бірдей қашықтық жол жүріп, бір мезетте жетеді екен. Қазіргі оқыған, білімдар жандар сызғышпен өлшегенде де Ұлытау жердің ортасы болып бөлек тұр. Міне дүниенің төрт бұрышының кіндігі болған Ұлытаудың осы бір қасиетінің өзі ұлылықтың тегін ұқтырғандай.

Дүние жүзіндегі қаншама халық пен ел мемлекет бүгінде — "Әлем адамы", деп танып отырған Шыңғысхан ұлан-асыр үлкен тойын Ұлытау бөктерінде өткізгені де тегін емес. Ол жөнінде 1240 жылы жазылып, кейінде ғана тарихшылар-дың қолына тиген монғолдың "Құпия шежіре" кітабында толық айтылады. Сол шежіре кітапта Шыңғысхан 1217-1218 жылдары Қият, Найман, Керей, Меркіт, Қоңырат, Маңғыт, Жалайыр, тайпаларын бүгінгі Қазақстан территориясына қоныстандырып, Үйсін, Дулат, Қыпшақ, Уақ, Шапырашты,  Ошақты, Ысты, Алшын, Арғън, Албан, Суан тайпалары мен оларға татарларды  қоса отырып оны өзінің ұлы Жошының игілігіне бергені туралы мағлұмат бар. Сөйтіп, тарихтағы тоқсан екі баулы дешті Қыпшақ және сегіз сан Сейілханды қосып жүз рулы елдің басын біріктіріп, бүгінгі қазақ елі — сол кездегі алтын босағалы ел атанса, Алтын Ордасы тағы да осы Алашахан ту тіккен, Алланың нұры тиген Ұлыттауға тігілгені тарихта тасқа басқандай анық.

1 2 3 4 5 6

 

ҰЛЫТАУ

 

 

Тарих

Ақиқат пен аңыз

Жер бедері

Су қорлары

Өсімдіктер мен жануарлары

Пайдалы қазбалары

Ауа райы

Ұлытау ұландары

Лирикалық толғаулар

Мәдениет

Тарихи ескерткіштер

Фотоальбом

Экономикалық-әлеуметтік жағдайы

Жаңалықтар

 

№1Ұлытау орта мектебі

Ұлытау ұлттық тарихи, мәдени және табиғат қорық мұражайы

 

Әдебиеттер

Форум

Хат қоржын

 

 

 

Hosted by uCoz