Ботаникалық зерттеу мәліметтері бойынша Ұлытауда 970 өсімдіктің түрі есепке алынған. Оның 92 пайызы шөптесінді, 7 пайызы бұталы,  қалған 1 пайызы ағаштар болып келеді. Бетпақдалада 306 түрлі өсімдік өседі.

Ұлытаудың байтақ даласында жазық пен шөл өсімдіктерінің араласуынан шөлейтке бейімделген өсімдік түрлері көбірек таралған. Далалықтарда өсімдік жамылғысы сирек, маусымдық өзгерістер анық байқалады. Ерте көктемде, топырақта ылғал мол,  жауын-шашынды кезде өсімдіктер барлық жерлерде қаулап өседі де, жаз шыға жылдам қурайды. Күзде салқын түсіп, жаңбыр көбейген кезде көптеген өсімдіктер қайта көгереді.

Бұл өңірд көпжылдық өсімдіктерден тырсық, боз бетеге, тарақ бидайығы, сирек бас жусан, қара жусан, сұр жусан, көкпек, тұзды жерлерде сораңның көптеген түрлері және өзен алқаптары мен көлдердің жағалауларында бидайық, ақмамықтың бірнеше түрі, ши мен су оты өседі.

Өлкенің оңтүстік-батыс бетіндегі шөлдерге қарағанда құмдарда өсімдік түрлері көп. Оларда ағаштар мен бұталар да, шөп түрлері де өседі. Ақ сексеуіл, құм қарағаны, жүзген, жыңғыл, жиде, тал секілді ағаштар мен бұталар, қияқ, өлең, құрақ, еркек сияқты көпжылдық шөптер – осы құмды өңірге тән өсімдіктер.

Өсімдік жамылғысының  ендік бағыт бойымен географиялық таралуы шөптесінді өсімдік түрлерінен айқын байқалады. Солтүстік беттегі Терісаққан өзен мен оның салалары алаптарында құрғақ далаға етене тән өсімдіктер түрлері көбірек таралған. Осы астық тұқымдастар мен жусанның бірнеше түрлері – құрғақшылыққа төзімді келеді. Бұл алаптарда астық тұқымдастардың селеу, боз, кәдімгі бетеге, жуашақты қоңырбас, қылтықсыз қызылот, сабалақ төскей сияқты түрлері өседі. Жусан түрлерін бетеге, шренк жусаны, майқара, тамыржусан құрайды. Шоқылар арасындағы шатқалдар мен жазықтарда, ойпаңдарда қараған мен тобылғы аралас қатар өседі.

Сазды, кебірлі шөлдерде сұр және қара жусанның көптеген түрлері өседі. Сортаң алаптарға, сор жағалауларына бұйырған, көкпек,  сарсазан, ақсораң, бұзаубас сораң секілді өсімдіктер шығады.

Ірі өзендердің аңғарлары бойында өте сирек тоғайлар сақталған. Оларда итмұрын, тал, жиде, қараған, тобылғы, долана, жабайы қарақат өседі. Ұлытау, Кішітау тауларының беткейлеріне арша, бөктерлеріне шоғыр-шоғыр қайың-терек шығады. Тоғайлы, көлеңкелі жерлерге дала қоңырбасы, қандыгүл, жалаң сабақ көкнәр, бұдыр масақ сияқты шөптесінді өсімдіктер қаулап өседі.

Ұлытау өңірі, әсіресе, оның өзендері мен көлдерінің жағалары құнарлы табиғи жайылымдарға бай. Сондықтан да бұл өлке мал өсіруге өте қолайлы.

Биологиялық  ортаның қалыптасуына адамның араласуы, төңіректе орналасқан ракета полигондарының тигізген зардабы және тағы да басқа көптеген факторлардың әсерінен Ұлытау ауданында тұқымы құрып бітуге жақындаған өсімдіктер түрі аз емес. Бүгінгі күнге дейін республикалық “Қызыл кітапқа” осы өңірде өсетін альберт қызғалдағы, шренк қызғалдағы, бетпақдала сылдыршөбі, қызғылт радиола, жіңішке көкнәр, түйесіңір, торғай бұйырғыны, шренк тобылғысы сияқты 12 өсімдік еніп отыр. Оларға қоса тағы бірнеше жер бетінен жойылуға таянған сирек өсімдіктер осы тізімге енгізуге ұсынылған.

Ұлытау түймешені - Tanacetum ulutavicum (астралылар тұқымдасы). Биіктігі 25 см жететін, денесін түк басқан көпжылдық шөптесін өсімдік. Жапырақтары қауырсынды тілімденген. Гүлдері ашық сары түсті себеттерге жиналған. Бір сабақта бір себет гүлі болады. Маусымда гүлдеп, шілдеде жеміс жарады. Жемісі - тұқымша. Ұлытау түймешені - тек Ұлытау адырлары мен тасты тау шатқалдарында өсетін эндемдік түр. Оның іш өткенде және құрттарға қарсы пайдаланатын дәрілік маңызы бар. Эфир майларына бай, иісінен күйе, маса қашады. Қорғауды қажет етеді.

Ұлытаудың қыраттары мен тауларында, өзен аңғарлары мен жазық даласында жергілікті жердің жағдайына толық бейімделген жануарлар тіршілік етеді. Далалық зонадағы жабайы аңдар мен құстар сусыз құрғақ жазға, аласа  шөптесін арасында өмір сүруге әбден қалыптасқан, олардың сыртқы түстері де өздері де өсіп-өнген  шөл даладан аумайды. Көпшілік жануарлар организмдеріне қажетті ылғалды қорек арқылы алады, олардың бірқатары ін ішінде өмір сүреді, тіпті кейбіреулері түнде ғана сыртқа шығып, күндіз көзге түспейді.

Ұлытау-Жезқазған аймағын жүзден аса сүтқоректі, 250-ге жуық құс түрі мекендейді. Жер бедерінде табиғи тосқауыл болмағандықтан, жануарлар көршілес жатқан аймақтардан ауысып келе береді.

Ертеректе Ұлытау өңірін бұлан, сілеусін, арқар, құлан сияқты жануарлар мекен еткен. Алайда олар адамдардың етіне, терісіне және т.б. бола ретсіз қырып-жоюынан биологиялық түр ретінде қайта оралмайтын болып жоғалды. Құланның мың басқа жуық табыны Ұлытау мен Бетпақдала арасында 1880 жылдарға дейін тіршілік еткені жайлы мәлімет бар. Арқар тіпті беріректе жойылды. Бүгінде олардың тағдыры ақбөкендердің (киіктердің) басына түскен тәрізді. Осыдан 20 жылдай уақыт бұрын Сарыарқа сілемдері мен Бетпақдала белдерінде жыртылып айрылатын сан мыңдаған табындардан көңілге медет болатын тұқым ғана қалды. Оларды қорғап, басын көбейту – күн тәртібінде тұрған кезек күтпейтін мәселе.

Бұл аймақтың таулы өңірлерінде жартас сұлыкеші, тау шекілдегі, шымшық, сарыторғай, құр және т.б. жануарлар мен құстар кездеседі. Көлдерінде қоңыр қаз, бізқұйрық, барылдауық үйрек, қасқалдақ, аққу сияқты құстар ұя салып, балапан басады. Үлкен көлдерде кәсіптік маңызға ие су құндызы (ондатра) жерсіндірілген. Олардан алабұға, ақбалық, табан, сазан, шортан, жайын және т.б. балықтар ауланады.

Далалық алқабтарда, жатаған қырқалар бойында, шөлейт зонаға жататын өңірлерде жануарлар түрі көп. Бұлардың бәрінде дала алақоржыны, құмтышқан, сары тышқан, атжалман, үлкен қосаяқ, шақылдақ тышқан, эверсман аламаны секілді кеміргіштер, дала қыыраны, құзғын, қарақұс, ақсары, дала құладыны, бөктергі, ителгі, қаршыға сияқты жыртқыш құстар, кесіртке мен жыланның түр-түрлері, бозторғай, тасторғай, аққанат торғай және т.б. ұсақ құстар қасқыр, түлкі, қарсақ, күзен, дала мысығы тәрізді жыртқыш аңдар тіршілік етеді. Кеміргіштерден құм қояны, ор қоян, тышқанның түр-түрлері, балпақ пен суыр көп кездеседі.

Ұлытау өңірінде әртүрлі себептермен жойылып кету қаупі төніп тұрған жануарлар мен құстардың түрлері аз емес. Олардың “Қызыл кітапқа” енгендерінің саны әжептәуір. Осы аймақты ежелден мекендеп келе жатқан ақбас тырна, ақбауыр бұлдырық, аққұйрық қызғыш, ақ тырна, безгелдек, тау бүркіті, бұйра бірқазан, жорға дуадақ, жұқатұмсық жылқышы, жыланбүркіт, қоқиқаз, қараләйлік, сабаншы, сұңқылдақ аққу, тарғақ, ұзынқұйрық ақиық секілді құстар мен үш башайлы ергежейлі қосаяқ, атжалман, бес башайлы қосаяқ, қарақұйрық, шұбар күзен, дала мысығы тәрізді жануарлардың тұқымы мүлдем жойылып кетуге жақын тұр.

Осындай жағдайда табиғат сұлулығын, қоршаған ортадағы тепе-теңдікті тиісті деңгейде сақтаудың маңызы зор. Бұл проблеманы тиімді шешудің бірден-бір ұтымды жолы  табиғи қорықтар ашып, қорғалатын терриориялардың аумағын көбейту болып табылады.

 

 

ҰЛЫТАУ

НОМАД

 

 

Тарих

Ақиқат пен аңыз

Жер бедері

Су қорлары

Өсімдіктер мен жануарлары

Пайдалы қазбалары

Ауа райы

Ұлытау ұландары

Лирикалық толғаулар

Мәдениет

Тарихи ескерткіштер

Фотоальбом

Экономикалық-әлеуметтік жағдайы

Жаңалықтар

 

№1Ұлытау орта мектебі

Ұлытау ұлттық тарихи, мәдени және табиғат қорық мұражайы

 

Әдебиеттер

Форум

Хат қоржын

 

 

 

Hosted by uCoz