Қойылған ескерткіштей нұр күніме,

Ұқсайтын туған жердің кіндігіне

Арқада бір өлке бар Ұлытау атты,

Ту тіккен тірлігіме, бірлігіме.

                                               

                                                                                                                               Фариза Оңғарсынова.

 


 

Ұлытау

Сөзі: Сайлаухан Нәкеновтікі

Әні: Жақсыкелді Сейіловтікі

 

Шіркін, менің қандай далам,

Жанарымды алмай қалам.

Сұлулықпен сырлассам да,

Сусыныңа қанбай қалам.

 

Ей, туған жер,

Нұр далам,

Өзіңінді аңсаған

Бір балаң.

 

Ерлік куә ән мұрасың,

Жүрегімде жаңғырасың.

Ұлытауым, ұлылықты

Ұрпағыңа қалдырасың.

 

Ей, туған жер,

Думанды ел,

Сұңқарың самғаған,

Ән маған! 

Асыл мұрат, қуаныштан,

Арманымды алып ұшқан,

Жаным менің жаралғандай,

Саған деген сағыныштан.

 

Ей, туған жер

Аңсаған,

Мәңгілік іңкәрмін

Мен саған.

 

Өткенімнің мұң әнімін,

Өз елімнің ұланымын.

Егер саған тартпай тусам,

Мен алдыңда кінәлімін.

 

Ей, туған жер,

Кең далам,

Өмірлік армансың

Сен маған.

 


 

 

 

Ұлытау

Қуаныш Ахметов

Ауасы дерттің дауасы,

Ұлытау деген тау осы.

Қазақтың осы Адамы,

Қазақтың осы Хауасы. 

 

Кетбұғы төгіп отты өлең,

Көсегем мұнда көктеген.

Әмірлер, Ақсақ Темірлер,

Бұл тауға соқпай өтпеген. 

 

Шежіре сырға қанық ек,

Едіге жырға жанып ек...

Алаштың туын ең алғаш

Тіккен жер Керей, Жәнібек.

 

Жұлдыздың бөлек жарығы,

Ұл-қыздың ерек дарыны,

Тамсантқан Асанқайғыны,

Аңсатқан Кенесарыны.

 

Тірліктің нұрын күткенде ел,

Бірліктің туын тіккен жер,

Қазаққа садақ кезенген

Талай жау тізе бүккен жер.

Төріне еркін төрлерсің,

Көгіне құстай көлберсің.

Бұл таудың қызын қызыл гүл,

Жігітін жойқын сел дерсің.

 

Елтідік ерке назына,

Ықылас күйдің сазына.

Ғұлама Қаныш ақтарған

Қойнауы толы... қазына.

 

Сақтаған ханның ордасың,

Баптаған қалжың жорғасын,

Жеңгейдің назы қылыштай,

Ерлердің сөзі қорғасын.

 

Ақталған жұрттың тірлігі,

Сақталған ұлттың бірлігі,

Қазаққа тұңғыш астана

Даламның осы кіндігі.

 

Ұққанға тарих жетеді,

Жүректі тербеп кетеді.

Ұлтымның бұл тау ұясы,

Џш жүздің ортақ  мекені. 

 

 

 

 


 

Ұлытаумен сырласу.

Ғалым Жайлыбай

 

Бағзы-бағзы уақыттың,

Құрдасысың Ұлытау.

Бастауында бақыттың

Жыр басысың Ұлытау!

 

Түнеп таңды жұрт ойлап,

Сестенетін кез болған.

Көшкен сайын бір тайлақ

Бос келетін кез болған.

 

Зар-запыран заманға

Ұрпақтардың өші бар.

Ата тауы аманда

Арақар ауып несі бар.

 

Џміт жібі үзілме,

Тұманданба таң нұры.

Ақ семсердің жүзінде

Аққу елдің тағдыры.

 

Дүлділ болып есегі,

Бұлбұл болып бақасы.

Ел арыған деседі

Алшы тұрмай сақасы.

Арай шашса ғажап күн,

Қыран самғар қияны.

Ұлытауым қазақтың

Ақ ордасы зиялы.

 

Асанқайғы бабамның

Жорамалы секілді.

Жас кеппеген жанардың

Орамалы секілді.

 

Қасиетті баба тау,

Сен несіне жасисың?

Алатау мен Қаратау

Бөркін алып бас исін.

 

Тулақ болған тірлікте,

Ел жүгінген жаны алау.

Алты алашты бірлікке

Бастап берген, данам-ау!

 

Асанқайғы түсі едің,

Қорқыт абыз күйі едің.

Кәусарыңнан ішемін,

Батаңды бер, киелім! 

 

 


 

Ұлытау сыры.

Кәкімбек Салықов.

 

Сұлулықты ұғам,

Ұлытауды көргенде.

Арғанаты жақтан

Ақ марал жөңкіп өргенде.

Кездеспей кеткен

Бір бейне көзге елестер,

Бұрылып қарап

Жезкиік көңіл бөлгенде.

 

Аққу қаз әні,

Естілсе өзен көлден де,

Сайраса бұлбұл

Саялы тоғай белдеуде,

Тау жаңғыртып,

Жартасқа қонса ақиық

Құлшынарсың

Өзің де шалқып өрлеуге.

 

Ұмтыларсың

Ұлар құс талға төнгенде,

Ұрланып ойнап,

Қызыққа көзді көмгенде,

Ұлытау келіп,

Осындайды ұқпасаң,

Санама, достым,

Сарыарқаны көргенде.

Ұлылықты ұғам,

Ұлытауды көргенде,

Тұрады-ау маңғаз

Еңсесі биік өр кеуде.

Ұлытау ұран болыпты,

Бұрын бабама

Екі ұдай дауда

Даласын жауға бермеуге.

 

Байқоңыр бағыт,

Ғарышқа құлаш сермеуге,

Жезқазған жомарт,

Жез қазына теңдеуге.

Өзі түгіл

Өрнектері осындай,

Ұлытаудың ұлылығына

Болмас сенбеуге.

 


 

 

 

 

 

 

ҰЛЫТАУ

НОМАД

 

 

Тарих

Ақиқат пен аңыз

Жер бедері

Су қорлары

Өсімдіктер мен жануарлары

Пайдалы қазбалары

Ауа райы

Ұлытау ұландары

Лирикалық толғаулар

Мәдениет

Тарихи ескерткіштер

Фотоальбом

Экономикалық-әлеуметтік жағдайы

Жаңалықтар

 

№1Ұлытау орта мектебі

Ұлытау ұлттық тарихи, мәдени және табиғат қорық мұражайы

 

Әдебиеттер

Форум

Хат қоржын

 

 

 

Hosted by uCoz