Бүгінгі ауа райы rambler-де

Шұғыл континенталды ауа райы қалыптасқан аймақ болғандықтан Ұлытау өңірінде Сібірдің сақылдаған аязы мен Орта Азияның ауыз аштырмас аптабы тоғысып тұрады. Ұлытаудың қысы қатаң, жазы ыстық. Жаздағы орташа температура +22 ºС болса, қыста бұл көрсеткіш -22 ºС тең. Аудан бойынша ең суық ай – қаңтар, бұл айда орташа температура -14 -16 ºС болғанмен, абсолюттік минимум -42 -50 ºС дейін төмендейді. Жыл бойындағы ең ыстық ай – шілде, оның орташа температурасы +19-25 ºС , алайда абсолюттік минимум (ең жоғарғы температура) +38-46 ºС деңгейді көрсетеді. Осыған сай ауа температурасының жылдық ауытқуы (ең төменгі және жоғарғы температуралар қосындысы) – 96 ºС.

Аудан аумағының басым бөлігінде жыл бойына жауын-шашын 200 мм-ден кем түседі. Өлкенің оңтүстігі және батысындағы құмдарға жаңбыр мен қар тіпті аз жауады. Арал маңы Қарақұмдағы бұл көрсеткіш мүлдем төмен, бар болғаны 80 мм шамасында ғана.

Аудан жерінің таулы, қыраттары бөлігінде яғни солтүстікке қарай жылдық ылғал мөлшері анағұрлым артады. Оның көлемі 200-250 мм-ге жетеді. Ең ылғалды жауын-шашынды жер – Ұлытау тауының айналасы. Бұл маңайда жылдық ылғал мөлшері 300-350 мм.

Ұлытау аймағына жауын-шашын жыл бойына да біркелкі жаумайды. Жылы маусымдарда суық маусымдарға қарағанда ылғал молырақ түседі. Бірақ ол жылдам буға айналады да, ауа өте құрғақ болады. Бұл өңірде орташа салыстырмалы ылғалдық 55-60 пайыз болса, шілдедегі бұл көрсеткіш небары 35-40 пайызға тең.

Климаттың қалыптасуына күн сәулесінің әсері орасан зор. Ұлытау ауданы қоңыржай белдеудің оңтүстігінде жатыр. Күн сәулесі бұл өңірге мол түседі. Бұл өңір материктің орталық ішкі аймағында болғандықтан бұлтты күндер көп емес.  Ашық, жарқырап күн нұрын сеуіп тұратын күндердің жылдық орташа ұзақтығы 2000 – 2500 сағатқа созылады. Бұл – Ұлытау өңірінде ауыл шаруашылық  өнімдері толық пісіп үлгере алады деген сөз, әр күн сәулесін техникалық мақсатта пайдалануға толық мүмкіндік барын білдіреді.

Ұлытау аймағына көктем айларының соңына дейін және күздің алғашқы айларында аракідік солтүстіктен арктикалық ауа еніп тұрады. Осындай тәуліктерде үсік (замороски) жиі қайталанып, ауылшаруашылығына, оның ішінде егіншілікке, бау-бақшаға, мал төлдетуге зардабын тигізеді.

Аудан климатының шұғыл континенталдығын жыл мезгілдерінің алмасу ерекшеліктерінен де байқауға болады. Бұл өңірде қыс қазан мен қараша айларының тоғысар тұсында басталады. Осы кезде Сібір антициклонының әсерінен солтүстіктен және солтүстік-шығыстан соғатын желдердің екпіні күшейіп, кейбір күндері желдің жылдамдығы секундына 13-16 метрге дейін артып, қарлы борасындар соғады. Ұлытау – Кішітау сілемдері төңірегінде ауаның температурасы жазық даламен салыстырғанда 2-3 ºС жоғары болып келеді. Өйткені тау қырқалары желге қалқан болып ішкі бөліктерге өткізбейді.

Бұл өңірде қар жамылғысы желтоқсан айының бірінші жартысында тұрақталады. Оның қалыңдығы әртүрлі – негізінен  15-25 см болып келеді. Тоңның орташа тереңдігі (қалыңдығы) 30-40 см, кейбір қыс қатты болған жылдары жер 150 см тереңдікке дейін қатады. Ол наурыз айының екінші жартысынан бастап ери бастайды. Әдетте тоңның қалыңдығы күзгі жауын-шашынның мөлшеріне байланысты болады.

Көктемгі ауа райы Ұлытау жерінде өте құбылмалы. Көктем бұл өңірде тез өтеді. Көктем айларында үсік әрбір 10-15 күн сайын қайталанып тұрады, оның ең кейінгісі мамырдың соңғы аптасында соғуы ықтимал. Бұл аймаққа жылдық ылғал мөлшерінің 40 пайызы осы көктем айларында түседі.

Жаз келісімен ауа температурасы шұғыл көтеріліп, жердің беті тез қызады. Бұл кезеңде ылғалдың көпшілік мөлшері маусым айының үлесіне келеді. Бірақ күн қызуы күшті болғандықтан, ылғал жерге сіңіп үлгермей, буланып кетеді.

Ауаның құрғақшылығы аңызақ желдер соққан уақытта тіпті күшейеді. Секундына жылдамдығы 15 м, кейде одан да көп жел бұл аймақта жазда жиі соғады. Жерден шаң-тозаң көтеріліп, дауыл тұрады. Мұндай құбылыстар әсіресе Қарсақпай мен Жезқазған айналасында үнемі қайталанып отырады.

Аңзақ желдер мен солардың әсерінен туындайтын қуаңшылық зардабы жаз айларында жазық далаларға, олардың өсімдіктер әлеміне зардабын молырақ тигізеді. Дала сарғайып, өсімдіктер қурап, табиғат шөлдік рең алады.

Күз айларын да жылдам өте шығуын Ұлытау өңірі табиғатының ерекшелігіне жатқызуға болады. Бұл кезде түн салқын болса да, күндіз жылы. Қыркүйектің екінші онкүндігінен күзгі үсіктер басталады. Қазан айында циклондар соғып, аспанды әлсін-әлсін бұлт басып, жауын-шашын жиі жауады да, қарашаның басында жаңбырдың арты қарға айналады. Ұлытау өңіріндегі жыл мезгілдерінің ауысу ерекшеліктерін төмендегі кестеден байқауға болады.

 

Көктем

Жаз

Күз

Қыс

басталуы

ұзақтығы

басталуы

ұзақтығы

басталуы

ұзақтығы

басталуы

ұзақтығы

5 сәуір

45 күн

20 мамыр

117 күн

15 қыркүйек

45 күн

1 қараша

155 күн

 

 

ҰЛЫТАУ

 

 

Тарих

Ақиқат пен аңыз

Жер бедері

Су қорлары

Өсімдіктер мен жануарлары

Пайдалы қазбалары

Ауа райы

Ұлытау ұландары

Лирикалық толғаулар

Мәдениет

Тарихи ескерткіштер

Фотоальбом

Экономикалық-әлеуметтік жағдайы

Жаңалықтар

 

№1Ұлытау орта мектебі

Ұлытау ұлттық тарихи, мәдени және табиғат қорық мұражайы

 

Әдебиеттер

Форум

Хат қоржын

 

 

 

Hosted by uCoz