Ауданның алып жатқан жерінің аумағы батыстан шығысқа қарай – 540, солтүстіктен оңтүстікке – 435 шақырымға созылады. Ол 46-50 солтүстік ендіктермен 63-70 шығыс бойлықтар арасында орналасқан. Ұлытаудың батыс бетіндегі егіздің сыңарындай болып саналатын Кішітаудан қазақ жерінің батыс, шығыс, оңтүстік, солтүстігіндегі қиыр нүктелеріне дейінгі қашықтық шамамен бірдей. Аудан жеріне Еуропаның Швейцария, Нидерланды, Дания сияқты үш бірдей белгілі мемлекетін еркін орналастыруға болады. Ұлытау –жер көлемі жағынан Қазақстандағы ең үлкен аудан. Ол Қарағанды облысы аумағының үштен біріне жуығын (28,7 %), Қазақстан жерінің 4,5 пайызын алып жатыр. Аудан жері Қостанай, Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарымен шекаралас. Ұлытау өңірінің солтүстік бағыттағы қиыр нүктесі – Арғанаты тауының теріскей тұсындағы Қаптыадыр (биіктігі 760 метр) шоқысында, ал оңңтүстіктегі шеткі нүктесі Мойынқұм құмының Көкпекті – Қызылқақ ойысында, батыстағы қиыр нүктесі – Арал маңы Қарақұмның Жіңішкеқұм  жотасында, шығыстағы шекарасы – Қызылжар станциясының оңтүстігіндегі Сарыжал (биіктігі – 368 метр) қыратында жатыр.

Ұлытау өңірінің жер бедері оңтүстік-батысқа қарай бірте-бірте аласара бастайды. Аудан жерінің ең биік нүктесі – Ұлытаудағы Ақмешіт шыңы. Оның биіктігі 1134 метр. Аудан аумағының ең төмен, ең аласа алқабы – Қарсақбай қыратының оңтүстік беткейінде жатқан Мыңбұлақ ойысы. Оның өзі теңіз деңгейінен 100 метр шамасында жоғары жатыр. Ойыстың сыртқы көрінісінде ғажап ерекшеліктер көп. Оның айнала шекарасы биіктігі – 50-170 метр аралығындағы тік жарқабақтармен қоршалған.  Табан алқабында пішіні конусқа ұқсас биік (15-20 метр) төмпешік төбелер жатыр. Олардың ұшар басынан бұлақ суы атқылап тұрады. Мыңбұлақ атауы осы бұлақтардың көптігінен шыққанға ұқсайды.

Ауданда Ұлытаудан басқа Арғанаты (757 метр), Желдіадыр (629 метр), Кішітау (793 метр), Майтөбе (628 метр), Суықтөбе (546 метр), Ақмола (601 метр), Қарауылшы (503 метр) және т.б. да таулар бар. Жалпы алғанда аудан аумағының 65-70 пайызын қазақтың ұсақ шоқылары алып жатыр.

Қарсақбай қыраты – Ұлытау-Кішітау тау сілемдерінің жалғасы екеуінің арасын Бұланты – Білеуті өзен аңғары бөліп тұр. Қыраттың орташа биіктігі – 500-600 метр, шыңдарының ішіндегі ең биігі – Қарамола тауы (644 метр). Қырат батыс, шығыс, оңтүстік бағыттарда созыла келе бірте-бірте аласарып, жазық далаға ұласады. Оның Торғай қолатына қосылатын батыс беті өзен аңғарларымен көп тілімделген. Осы өңір аудан жеріндегі өзендер жүйесі айтарлықтай дамыған аймақ болып табылады.

Ұлытау – Сарыарқа тауларының ішіндегі ең көнесі. Оның Едіге, Қыземшек, Айыртау, Ақмешіт әулие сияқты шоқылары мыңдаған ғасырлар бойы толассыз жүріп жатқан қоршаған ортадағы табиғат құбылыстарының әсерінен әбден қажалып, әр түрлі үгітілу процесіне бой алдырған. Тау шоқыларының тік жарқабақтарының құлау бұрышы 20-25 градус арасында болғандықтан, олардың арасындағы шатқалдардың ені тар.

Сарысу-Теңіз қыраты – Ұлытау ауданы территориясының шығысында жатыр . Ол Теңіз ойпатының оңтүстік беткейдегі Сарысу алқабынан бөліп тұр. Қыраттың жер бедері дөңес жазық болып келетіндігімен ерекшеленеді. Оның екі жағынан құлап ағып жатқан өзендердің табандары кең әрі енді.

Бетпақдала үстірті – Ұлытау ауданының оңтүстік бөлігін алып жатыр, ол Шу мен Сарысу өзендері аралығында орналасқан. Оның шығыс бөлігі ұсақ шоқылардан, аласа таулардан тұрады. Ұлытау ауданы жерінің құрамына Бетпақдаланың батыс бөлігі кіреді. Екеуінің арасын бөліп тұрған жазық Қоғашық деп аталады.

Қоғашықтан батысқа қарай кебір сазды, құмақты және тастақты алқаптардан тұратын жазық дала басталады. Әр жерде сорла мен табақтай дөңгеленген ойпаңдар басталады. Жай көзбен қарағанда әрең білінетін жал-жал қырлардың мұхит деңгейінен ең жоғары тұрған жоталарының биіктігі 200-250 метрдей болып келеді.

Сарысу өзенін бойлай оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай созылған құм сілемдерінің салыстырмалы биіктігі 15-20 метрге жуық. Олар бұйрат-бұйрат төбелерден,жал-жал қырқалардан тұрады. Құм ішіндегі ойпаңдарға жер асты суы жақын болғандықтан шөптесін өсімдіктер қаулап өседі де, құм көшкініне тосқауыл болады.

Ұлытау ауданының оңтүстік-батысы Тұран ойпаты аумағына кіреді. Бұл өңір сусымалы құмдармен ерекшеленеді. Арал маңы Қарақұмы шығыс бағытта Арысқұм алқабымен қосылады. Құм шоқылар мен жалдардын дізбегінің ұзындығы 100-200 шақырымға дейін созылады. Үлкенқұм мен Жіңішкеқұмның ендері кейбір жерлерде мардымсыз, бас-аяғы 3-5 шақырым болса,кей олар жалпақтанып 60-70 шақырымға ұлғаяды. Өңірдің оңтүстік –шығысында Жетіқоңыр және Қрақойын құмды алқаптары бар.

Ұлытау ауданының аумағында солтүстіктен оңтүстікке қарай үш табиғат зонасы – құрғақ дала, шөлейт және шөл қалыптасқан. Осы зоналардың шекараларының ендіктер бойымен алғанда  түзу емес екендігі байқалады. Бұл құбылыстың  Сарыарқаның ұсақ шоқыларының тізбегінің әсерінен екендігі білінеді.

Құрғақ дала зонасы ауданның қиыр солтүстігіне ғана тән. Оған Арғанаты, Ұлытау таулар, Қайдауыл және Жыланшық жазығы, Қаптадыр ұсақ шоқылары аймағы кіреді. Зонаның жер бедері жазықты және қыратты болып келеді. Қайдауыл мен Жыланшық жазықтары (500-600 метр) Торғай қолатына қарай бірте-бірте аласара бастайды. Бұл жазықтардың бедері - өзен аңғарларымен тілімденген, жыралы-сайлы. Көктемде қар еріген кездегі су тасқындарының әсерінен жер бедері осылай қалыптасқан.

Таулардан шығып жатқан су көздерінен Терісаққан, Ұлы Жыланшық, Құланөтпес, Көң өзендері бастау алады. Өзендердің су қорының 95 пайызы көктемсде, қар ерігендегі тасқынға ағады. Ауа райының құбылуына қарай су деңгейі өзгеріп отырады, ылғалы мол жауын-шашынды жылдары өзендер арасынан ағыс үзілмейді, ал құрғақшылық жылдары арналар қарасуларға бөлініп қалады.

Өсімдік жамылғысы алқаптардың ылғалдану мүмкіндігіне қарай әртүрлі болып келеді. Қызғылт топырақты бетегелі – селеулі дала алаптары жиі кездеседі. Бұл зонада Ұлытау ауданының астық өндіретін шаруашылықтары орналасқан.

Шөлейт зонасы Ұлытау ауданы көлемінің үштен біріндейін алып жатыр. Ол құрғақ дала зонасымен шөл зоналары арасында қалыптасқан аралық зона болып есептеледі. Батыста Солтүстік Торғай жазығынан басталып, Қарсақбай қыратын оңтүстіктен айналып, Сарысу өзені алқабымен Жезқазған қаласы тұсына келіп, Одан әрі Сарысу-Теңіз қыраты арқылы Ақмола облысымен, Жаңарқа ауданымен шектеседі.

Шөлейт зонаның климаты даламен салыстырғанда құрғақ. Батыстан шығысқа жүрген сайын бұл зонаның бойында қазақтың ұсақ шоқылары аймағындағы жер бедері түрлері түгел кездеседі. Солтүстік Торғай жазығы (300-400 метр) қарсақбай қыратына (500-600 метр) жалғасып одан Ұлытау тауларымен (1134 метр) тоғысып, әрі қарай шығыс бетте Сарысу-Теңіз қыратына қосылады. Зонаның теңіз деңгейінен біршама биікте жатқанының әсерінен мұндағы ауа шөлейттің басқа аудандарына қарағанда ылғалдау болып келеді.

Бұл зонада қар жамылғысы қарашаның орта шенімен желтоқсанның бас кезінде тұрақтала бастайды. Оның жату ұзақтығы  - зонаның солтүстік және шығыс бөліктерінде 180 күн, ал батысы мен оңтүстігінде 60-120 күн аралығында. Қардың орташа қалыңдығы – 10-20 см-ге тең.

Күз бен көктем мезгілдері қысқа, өтпелі. Ауа райы тез құбылып, Жауын-шашын жиі болады. Суық ызғарлы күндер ашық шуақты күндермен жиі алмасып отырады. Көктемгі ылғалы мол кездерге ғана жер беті клемдей құлпыратын болса, шөптер жаз шыға тез сарғайып, қурап кетедң.

Шөл зонасы Ұлытау өңірінің оңтүстік бөлігін тегіс қамтиды деуге болады. Бұл зона батыста Арал мен Қарақұмнан басталып, Мойынқұм Жетіқоңыр және Бетпақдаланы тұтас алып жатыр. Табиғи ерекшеліктеріне қарай аудан аумағында құмды және сазды шөлдер орналасқан. Сазды шөлдерге Бетпақдаланың батысы мен жезқазған жазығы жатады. Топырағында тұз көп болғандықтан, өсімдік жамылғысы жұтаңдау болып келеді.

Шөл далады жылу қоры мол болғанымен, судың тапшылығына байланысты егіншілікке кеңінен пайдаланылмайды. Шөлді алқаптарды қыс, көктем айларында маусымдық жайылым ретінде пайдалануға болады.

Ұлытау өңірінің жер бедері өте күрделі. Оның аумағына тасты, таулы, құмды, шөлді-шөлейтті зоналар кіреді. Мұның өзі аудан көлемінде шаруашылықтың көптеген салаларын дамытуға мүмкіндік береді. Жайылымдары шұрайлы, ауыз суы мол аласа қасқырлар мен ұсақ шоқылардан тұратын алқаптар мал шаруашылығын дамытуға қолайлы. Жер бетінің жазық аймақты өлке қойнауындағы пайдалы қазбалар қорларын игеруге ыңғайлы. Таулардан басқа бағытқа тарап ағып жатқан өзендердің жалғаулары суармалы егістікпен, бау-бақша өсірумен айналысуға кеңінен мүмкіндік береді.

 

ҰЛЫТАУ

НОМАД

 

 

Тарих

Ақиқат пен аңыз

Жер бедері

Су қорлары

Өсімдіктер мен жануарлары

Пайдалы қазбалары

Ауа райы

Ұлытау ұландары

Лирикалық толғаулар

Мәдениет

Тарихи ескерткіштер

Фотоальбом

Экономикалық-әлеуметтік жағдайы

Жаңалықтар

 

№1Ұлытау орта мектебі

Ұлытау ұлттық тарихи, мәдени және табиғат қорық мұражайы

 

Әдебиеттер

Форум

Хат қоржын

 

 

 

Hosted by uCoz