Ұлытаудың ұлы атануы тауының биіктігінен емес, суының көптігінен емес, тарихтың үлкен оқиғаларында бүкіл ұлы қауымның бас қосқан, ортақ шешімге келген жері болғандықтан Ұлытау атанған...

                                                                                                                                        Әбіш Кекілбайұлы

 

1 2 3 4 5 6

 

Ұлытау - ежелгі қоныс, ескі жұрт. Ол бүгінде қазақ деген дүние жүзіне белгілі ұлттың табысқан төбесі, ұйысқан іргесі. Кешегі Керей мен Жәнібектің Әбілқайырдан еншісін бөліп, жүректерінде жауынгерлік жалын әлі де болса өше қоймаған елін ертіп, Ұлытауды бетке алып жөңкіле көшуінде жүрегіңді соғысынан жаңылдырып, сай-сүйегіңді сырқыратар терең сыр, күрделі құпия жатыр. Бұл – кейбіреулер айтып та, жазып та жүргендей тек қана ағайын арасындағы алауыздықтан туындаған құбылыс емес. Бұл – тарих тұғырындағы туы жығылған Алтын Орданың түтінін  аңсау, бұл – ежелгі ескі жұрттың жұрнағын сағыну, бұл – дүниенің тең жартысын құзырына қаратқан кешегі кемел мемлекеттің киесін қастерлеу, бұл – Кетбұғы, Едіге, Тоқтамыс сияқты арыстандарымыздың айбарына бас иію, аруағына сыйыну, тұлғасына табыну, келбетін көксеу...

Қазақтың соңғы ханы Кенесары Алла деп атқа қонғанда ордасын Ұлытауға бекерден-бекер тіккен жоқ. Оны да ежелгі жұртқа жетелеген осы құдірет, осы кие, осы күш, осы қасиет, осы тылсым, осы сиқыр..

Бүгінгі күнге ертегі-аңыз деңгейінде жеткен көптеген оқиғалар сол кезеңде әлі де іздері көмескіленбеген тарихи шындық еді. Ұрпақ санасына ұялап қалған ата-бабаларымыздың елдік кескіні, ерлік дәстүрі жадта жаңғырып, жүректі жандырып, бірте-бірте орасан жойқын қозғаушы күшке айналды. Жаратылыста алыс жолдың азабына, сол сапарда қырылған-жойылғанына қарамай, толғақты сәті келгенде жөңкіле жүзіп, мұхиттан мұхит асып, өзі өсіп-өнген теңізіне жетіп, уылдырық шашатын балықтар бар. Өйткені ұрпағының жетіліп-бекінуіне тек сол теңіздің ғана суының құрамы қолайлы, жағдайы жайлы. Қазақ ұлты үшін Ұлытау – осындай айдын.

Мемлекет – саяси-әлеуметтік құрылым, ал этнос болса, одан көп бұрын дүниеге келді. Сақ, сармат, скиф, массагет, ғұн, қыпшақ, оғыз деп атайық, бірақ арғы бабаларымыздың этногенетикалық жағынан өсіп, дамудың мыңдаған жылдарға  созылған, ұзақ жолынан өтіп, жекедара  қазақ хандығының шаңырағын көтеріп, уығын шанышқанға дейінгі заманда Ұлытау – этностың кіндігі, Ұлы Ордасы болған. Тарихтың атасы атанған грек шежірешісі Геродоттың б.д.д. 431-424 жылдар аралығында жазған 9 кітаптан тұратын “Тарих” атты түбегейлі еңбегінде бұдан 2600 жылдай бұрын Алтайдан Атырауға дейінгі байтақ даланы жайлаған алып ел – массагеттердің  (сақтардың) падишасы Тұмар (Томирис) ханымның Вавилон мен Месопотамияны жайлап өтіп, массагеттерге қарай жорық жолына шыққан Азия әміршісі атанған Кирді Сырдарияның Арал теңізіне құяр сағасынан өткізіп алып, сол тұстан үш күншілік жердегі алқапта жер жастандырғаны баяндалады.

Оқиға былай болған: Қайтыс болған күйеуінің орнына оның Тұмар атты әйелі массагеттерге патша болады. Кир жесір қалған әйелге құдаларды аттандырып, өзінің оған үйленгісі келгенін білдіреді. Алайда Кирге өзі емес массагеттердің тағы мен байлығы, жері мен жауынгер елі керек екенін сезген Тұмар оның ниетін қабыл алмай, құдаларды кері қайтарып жібереді. Пасық қулығы іске аспай қалған Кир массагеттерге қарсы ашық жорыққа аттанады. Сырдарияның жағасына жетіп, көпір салып өзеннен өтіп, Тұмар ханымның әскерімен соғысуға алдын-ала келісілген майдан алаңына тоқтайды.

Сол жерде көптеген мал сойылады, ет пісіріледі. Басқа неше түрлі жеңіс астардың түрлері және көл-көсір жүзім шарабы жеткізіледі. Кир содан соң әскерінің ішіндегі ең нашар дегендерін осы жерде қалдырып, өзі негізгі күштерімен кері қарай кетіп, бірнеше қырдың астында бой тасалап күтіп тұрады.

Массагеттер жасағының үштен біріндейі Кир қалдырған топқа шабуыл жасап, парсылардың тас-талқанын шығарып, қырып салады. Басқыншылардың шатырында дайын тұрған асты көрген олар жеңістерін тойлауға кіріседі. Шарап буындарына түсіп масайып, жаппай ұйқыға кеткен массагеттерді қайта оралған Кир әскері қырып-жойып, қалғандарын тұтқынға алады. Тұтқынға түскендердің ішінде Тұмар ханымның ұлы массагет жасағының қолбасшысы Спаргапис те болады.

Қанды оқиғаның хабары жеткен Тұмар ханым Кирге елші аттандырып, оған: “Аман-есен тұрғаныңда ұлымды босатып, келген жолыңмен кері қайт” деген талап қояды. Егер қанқұмарлығына салып, соғыспақ райынан қайтпаса, онда қызыл қанға тойғызатынын ант етіп айтады. Кир құлақ аспайды. Екі арада Тұмардың мастығы тараған ұлы Спаргапис масқара болғанына намыстанып өзін-өзі өлтіреді.

Массагеттер қолын мәні мен маңызы мол шешуші шайқасқа Тұмар ханымның өзі бастап шығады. Жан алып, жан беріскен ұзаққа созылған ұрыста парсы әскерінің тоз-тозы шығып, жеңіліске ұшырайды. Еліне 29 жыл патша болған Кирдің өзі де ажал құшады. Үлкен сабаны адам қанына толтырған Тұмар ханым Кирдің басын соған батырып тұрып: “Сенің қан ішкің келіп еді ғой, парсыларды патшасы! Мен саған беибітшілік пен еліңе қайт, әйтпесе қанға тойғызамын дегенмін, енді сол антымды орындап, қан мен шөліңід қандырып жатырмын”, - деген екен.

Француздың аса көрнекті тарихшысы А.Тьери: “Аттила (Еділ) – есімі адамзат тарихындағы ұлы қолбасшылар Александр Македонский мен Ю. Цезарьлардың қатарынан ойып орын алады”, - деп бағалаған ғұн патшасы Еділдің бүгінгі Италия, Алмания, Греция, Румыния, Венгрия халықтары мекендейтін батыс бағытқа жасаған жойқын жеңімпаз жорықтары V ғасырдағы осы түркі тектілердің ұлт болып ұйыған өлкесі, киелі кіндігі – Ұлытау төңірегінен басталған.

Ұлы қолбасшы Шыңғысханның бүгінгі қазақ даласындағы түңғыш күрделі шайқасы Ұлытаумен жапсарлас жатқан аймақта өтті. “1216 жылы Ырғыз өзенінің бойында меркіттердің тас-талқанын шығарған монғолдар Хорезмшахтың жасағының күтпеген шабуылына ұшырады”,- деп жазады ғұлама ғалым Л.Н. Гумилев.

Хорезм патшасының әскерін талқандаған Шыңғыс 1223 жылы үлкен ұлы Жошыны жаулап алған қыпшақ даласын басқару үшін 4000 әскермен Ұлытауда қалдырды. Міне, сол кезден бастап Ұлытау – ұлан-байтақ Жошы ұлысының саяси-әлеуметтік, сауда-экономикалық орталығы болды. Жошы қайтыс болғаннан кейін жаулап алынған шалқар кеңістік – Ақ Орда, Көк Орда және Шағатай ұлыстарына бөлінген кезде, оның үлкен ұлы Орда Ежен Сырдариядан Саян тауларына дейінгі аймақты қамтитын Көк Орданы осы Ұлытаудан басқарды.      

Ұлытаудың бір шоқысының басында фәниде бір-бірімен алысып, арпалысып өткен Едіге мен Тоқтамыс қатар жатыр. Халқымыздың қабырғалы қайраткері Асанқайғының да қабірі осы Ұлытауда.

Тұмар, Еділ, Едіге, Тоқтамыс тарих теңізінің толқынын сан теңселткен осынау Ұлы Даланың кіндігі – Ұлытауда Азияның арыстаны атанған Ақсақ Темір де ат шалдырған. “Темір Ұлытауға келгенді алдымен сол тауға көтеріліп, ұшы-қиыры жоқ көк-жасыл жалпақ даланы рахаттана көзімен сүзіп, ұзақ тұрды. Содан соң әскеріне тас жинатып, бір тәуліктің ішінде ғаламат зор шоқы үйдірді. Бармағынан бал тамған шеберлер осындай салтанатты оқиғаның өткен күнін тас бетіне қашап жазып, ғасырлар бойы өшпейтін белгі қалдырды”, - деп жазады ұлы қолбасшының сарай тарихшысы Шарафадин Әли Йезди “ Темірдің жеңістері туралы жылнама” атты еңбегінде.

XX ғасырдағы қазақ ғұламасы Қаныш Сәтбаев Ұлытаудағы Алтыншоқының басынан тапқан бұл тас сол заманның аса құнды жәдігері ретінде қазір Санкт-Петербургтегі  Эрмитажда сақтаулы тұр. Онда Тұранның сұлтаны Темірдің жүз мың әскермен Тоқтамыс ханмен соғысуға бара жатып, Ұлытауға аялдағаны жайлы жазылған. Міне, осылайша Шарафадин Әли Йезди жазбаларындағы дерекке Сәтбаев тапқан тас бұлтартпас дәлел болды.

1 2 3 4 5 6

 

ҰЛЫТАУ

 

 

Тарих

Ақиқат пен аңыз

Жер бедері

Су қорлары

Өсімдіктер мен жануарлары

Пайдалы қазбалары

Ауа райы

Ұлытау ұландары

Лирикалық толғаулар

Мәдениет

Тарихи ескерткіштер

Фотоальбом

Экономикалық-әлеуметтік жағдайы

Жаңалықтар

 

№1Ұлытау орта мектебі

Ұлытау ұлттық тарихи, мәдени және табиғат қорық мұражайы

 

Әдебиеттер

Форум

Хат қоржын

 

 

 

Hosted by uCoz