Құрлықтың ортасында, Еуразия кіндігінде орналасқандықтан Ұлытау ауданының ішкі суы тұйық алабта жатыр. Тек Терісаққан өзені ғана Солтүстік Мұзды мұхитқа құятын өзендердің саласы болып табылады. Сулары жазда тартылып, кесіліп қалса да, Ұлытаудан бастау алатын өзендер көп. Алпыс төрт  сала Торғай мен отыз төрт сала Кеңгір өңір халқының суға деген қажетін өтеп отыр. Сондай-ақ аудан аумағында үлкенді-кішілі, ащылы-тұщылы көлдер де аз емес.

Ұлытау жерінің өзендері қар, жер асты суларымен және атмосфералық жауын-шашынмен қоректенеді. Өзен арналары негізінен қар еріген кезде толығып тасиды. Су тасқыны сәуірдің екінші, мамырдың бірінші жартылары арасында болып өтеді. Осы кезде өзендердің жылдық су қорының 80-90 пайызы ағады.

Өлкедегі ең үлкен өзен – Қаракеңгір. Оның ұзындығы – 350 км, алқабының ауданы – 16700 км, орташа жылдық ағын мөлшері секундына  2,1 текше метрге жетеді. Терісаққан өзені Желдіадыр тауынан бастау алып, әрі қарай көршілес Ақмола, Қостанай облыстары аумағымен ағады. Ұлытау жерінде жағалары тік, тау шатқалдарының арасы болып келеді де, әрі қарай Теңіз-Қорғалжын ойпатынан өткеннен соң, аңғары кеңейе бастайды. 

Ұлытаудың оңтүстік-батысынан басталатын үлкенді-кішілі өзендердің барлығы Арала алабына жатады. Тау шатқалдарынан басталатын осы өзендерді тау жоталары бірненше тұйық алабтарға бөліп тастайды. Торғай өзенінің ең басты салалары: Сарыторғай, Қараторғай, Жалдама Торғай, Сабасалды Торғай, Қарынсалды Торғай, Ашудасты Торғай, Ақтасты Торғай және т.б.

Қарсақпай қыратының әр жерінен басталатын өзендер: Байқоңыр (Бұланты), Білеуті , Қалмаққырылған, Қияқты, Қимықы, Жимықы және т.б., біразы тасығанда Шұбар-Теңіз көліне құяды. Ұлытау жерімен  Сарысу секілді үлкен өзеннің орта ағысы ғана өтеді. Қаракеңгір, Сарыкеңгір, Жезді өзендері Жезқазған қаласының маңында қосылып, Сарысуға сала болып құяды. Оның ағысына елеулі екпін береді.

Ұлытау ауданының өзендері табиғатқа айрықша оң әсер етеді. Шөл және шөлейт даланы жарып өтетін өзен аңғарларында табиғи көкорайлар (оазистар) көптеп кездеседі. Тал, терек, қайың, шіліктен тұратын шоқ-шоқ шағын тоғайлар, қамыс, қоға, шөптесінді өсімдіктердің көптеген түрлері өсіп, жердің көркін кіргізеді. Мұндай алқабтарда жан-жануарлар әлемі де айтарлықтай бай.

Өзендер Ұлытау өңірінде қандай көп болса, көлдер саны жағынан да Ұлытау басқа аудандардан кемшін түспейді. Орталық Қазақстандағы ең үлкен көл Балқаштан кейінгі ауданы 50 шаршы км-ден асатын Қарақойын мен Шұбар-Теңіз көлдері осы Ұлытау ауданында. Аудан жерінде бұлардан да басқа Ащыкөл, Барақкөл, Дәнсары, Обалы, Қоскөл, Бозбайтал, Бұршақтыкөл және т.б. ондаған көлдер бар.

Көлдердің барлығы тұйық, сондықтан олардағы су деңгейі жыл маусымына сәйкес тез өзгеріп отырады. Көлдер шаруашылық маңызға ие. Көпшілігіне олардың жағалаулары шабындық болып келеді. Балық пен су құндызын (ондатра) өсіруге, оларды аулауға мүмкіндік береді.

Ұлытау шатқалдарында таудың таңғажайып табиғатын танытатын кішкене көлдер бар. Олар таудың сымбатына сымбат, көркіне көрік қосады. Сералы қыстағы тұсынан басталатын сүрлеу жол апаратын көлді халық ежелден Шайтанкөл деп атайды.

Аудан аумағында жер асты суларының да мол қоры бар. Олар – тұщы судың сенімді көзі. Өңірдегі жер асты сулары әр түрлі тереңдікте жатыр. Ұлытау өңірінде бірнеше үлкен-үлкен артезиан алабтары (жерасты сулары) бар. Сарысу-Бетпақдала (қоры 206 млрд текше метр), Мыңбұлақ (180 млрд текше метр) және Ұлытау (30 млрд текше метр) әлсіз минералданған таза судың теңдессіз көздері болып табылады. Тек әзірге оларды пайдалану деңгейі өте төмен.

Өңірдегі су қоймалары көктемгі қар суын жинап, оны шаруашылық қажетке тұрақты түрде пайдалануға мүмкіндік береді. Олардың ең ірісі – Кеңгір су қоймасы (суының көлемі 319 млн текше метр). Сонымен бірге Жезді (60 млн текше метр), Қумола (4,5 млн текше метр) және Қарсақпай (1,2 млн текше метр) су қоймаларының аумақтағы шаруашылықтар үшін маңызы зор.

 

ҰЛЫТАУ

НОМАД

 

 

Тарих

Ақиқат пен аңыз

Жер бедері

Су қорлары

Өсімдіктер мен жануарлары

Пайдалы қазбалары

Ауа райы

Ұлытау ұландары

Лирикалық толғаулар

Мәдениет

Тарихи ескерткіштер

Фотоальбом

Экономикалық-әлеуметтік жағдайы

Жаңалықтар

 

№1Ұлытау орта мектебі

Ұлытау ұлттық тарихи, мәдени және табиғат қорық мұражайы

 

Әдебиеттер

Форум

Хат қоржын

 

 

 

Hosted by uCoz