Ұлытаудың ұлы атануы тауының биіктігінен емес, суының көптігінен емес, тарихтың үлкен оқиғаларында бүкіл ұлы қауымның бас қосқан, ортақ шешімге келген жері болғандықтан Ұлытау атанған...

                                                                                                                                        Әбіш Кекілбайұлы

 

1 2 3 4 5 6

 

Ұлытау “Ұлытау” деген мәртебелі атты қашан алған? Талайларды ойландырып-толғандырған осы сұрақтын нақты жауабын табу бүгінгі уақытқа дейін күн тәртібінен түскен жоқ. Жорамал да, болжам да көп. XII-XIII ғасырларда оның бұрынғы аты мен бүгінгі атауы араб-парсы жылнамашы-тарихшы ғалымдарының еңбектерінде қатар қолданылуына қарағанда таудың атының өзгеруі осы мұғдарына сай келетін секілді.

Атақты парсы Әбу Саид Гардизидің XI ғасырда жазған “Зайн - әл-ахбар” (“Баяндау көркі”) атты бүгінгі тарихшылар үшін аса маңызды еңбегінде Ертіс жағалауынан Сібір даласы мен Алтай тауларына дейінгі кеңістікті жайлаған түркі тайпаларының бірі – қимақтарға апаратын жол жағдайы өте тиянақты баяндалған. Ұлытау жайлы бізге белгілі ең көне дерек осы еңбекте келтірілген. Ол былай деп жазыпты: “Қимақтарға шығатын жол жайлы айтсақ, әуелі Фарабтан Жаңа қонысқа барасың; сол жаңа қоныстан қимақ еліне қарай жүргенде, жолда өзен кездеседі, одан өткен соң алдыңнан бұйра-бұйра құм шығады; түркілер оны Уюкман деп атайды. Әрі қарай Сокук өзеніне жетесің; одан өткеннен кейін тұзды сорларды басып өтесің. Әрі қарай Кендіртағы тауы басталады. Жолаушылар өзенді жағалай өскен қалың шөп, жайқалған ну тоғайдың ішімен жүріп отырып, биік тауға, өзеннің бастауына жетеді. Осылай тар шатқалдағы жолмен тауға көтеріледі. Сол Кендіртағы тауына шығып, Асус өзеніне тіреледі. Осы Асус өзеніне дейінгі бес күндік жолда қалың ағаштың көлеңкелері адамдарға күн түсірмейді. Өзеннің суы қап-қара; оның шығыстан басталған арнасы Табарыстанның қақпасына дейін барады. Жолаушылар бұдан әрі қарай қимақтар елінің шекарасы Ертіс өзеніне жетеді”.

Гардизидің еңбектеріндегі кейбір географиялық атауларға түсінік бергеніміз жөн. Ондағы Фараб – сол кезеңдегі Отырар қаласының аты, Жаңа қоныс – Отырарға жақын маңдағы Кедер деп аталған сауда орталығы. Уюкман – Мойынқұм құмы; Сокук – Сарысу өзені; Асус – Есіл өзені және Кендіртағы – қазіргі Ұлытау тауы. Қорыта айтқанда, бұл жол – “Ұлы Жібек жолының” жиһанкез-саяхатшыларға  “Сарысу жолы” деген атпен бағзы замандардан мәлім Ұлытау-Жезқазған өңірі арқылы өтетін тармағына сәйкес келеді.

Ұлытау өңіріне қатысты аса құнды деректерді 1100-1165 жылдар арасында өмір сүрген арабтың белгілі географ-ғалымы, саяхатшысы Әл-Идрисидің “Нусхат Әл-Муштақ фи Ихтарах әл-Афак” (“Жаһангерліктен торыққан адамның көңіл көтеруі”) атты шығармасынан табамыз. Ол бүгінгі Ұлытау тауының айналасын жайлаған тайпаларды Гуздар деген жалпы атпен атап, олардың мал шаруашылығымен бірге кен қазып, алтын, күміс, мыс сияқты түсті металлдарды да аса орасан көп мөлшерде өндіретіндігін және сауда-саттықпен айналысатындығын жазған.

Әл-Идриси бұл өңірде қалалардың көп екендігін, ол қалалардың барлығы өзен-көлдердің жағасында, тау шатқалдарындағы құнарлы жерлерде, кен көздеріне таянта салынғанын атап көрсеткен. Хиам атты қала Гуздардың аса маңызды сауда орталығы  және астанасы болған. Бұл қала Ертағы мен Кертағы таулары сілемдерінің біріне жататын биік төбенің қасына салынған екен.

Әл-Идриси осы өңірдегі металл өндірісі жайлы: “Онда күміс өндіретін кеніштер ашылған. Олардан шығатын күмісте есеп жоқ. Шаштың саудагерлері ол жаққа артынып-тартынып тауар апарады, оларын күміске алмастырады да, сол жерден тағы да түйелер сатып алып, мол күмісті жан-жақтағы елдерге таратып әкетеді”,- деп жазыпты.

Академик Ә.Х. Марғұлан Хиам  қаласын Қиян деп аталған болуы тиіс дейді. Шынында да осы таудың төркін-түбіріне үңілсек, қазақтың “Ит арқасы Қиянда” деген, яғни алыста, ауыр жол жүріп баратын жерде деген ұғымды білдіретін, халық ішіне кеңінен тараған тұрақты сөз тіркесінің пайда болуы себебін басқа бір қырынан түсінгендей боламыз.

Әл-Идриси еңбегінде көрсетілген Ертағы мен Кертағы тауларына келетін болсақ, бұл атауларға қатысты тиянақты мәліметті Қиуа ханы, таризшы-шежіреші Әбілғазының өзінің нақтылығы жағынан дүниежүзі ғалымдары тарапынан аса жоғары бағаға ие болған “Түрік шежіресі” атты еңбегінен табамыз.  Онда: “Қазіргі Ұлытау мен Кішітау дегендерді ол кезде Ертағы және Кертағы деп атайтын”, - деген тұжырымды сөйлем бар.

Осы және осындай басқа да тарихи деректерге қарағанда Ұлытау мен Кішітау атаулары осы өңірді ұлан-байтақ  Жошы ұлысы  өз орталығына айналдырған кезеңде (1223 ж) пайда болған секілді.

1 2 3 4 5 6

 

ҰЛЫТАУ

 

 

Тарих

Ақиқат пен аңыз

Жер бедері

Су қорлары

Өсімдіктер мен жануарлары

Пайдалы қазбалары

Ауа райы

Ұлытау ұландары

Лирикалық толғаулар

Мәдениет

Тарихи ескерткіштер

Фотоальбом

Экономикалық-әлеуметтік жағдайы

Жаңалықтар

 

№1Ұлытау орта мектебі

Ұлытау ұлттық тарихи, мәдени және табиғат қорық мұражайы

 

Әдебиеттер

Форум

Хат қоржын

 

 

 

Hosted by uCoz